НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада шайбалы хоккейден Qazaqstan Hockey Open-2021 турнирінің екінші ойын күні өтті. Бұл жолы Ресей және Беларусь құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы кезеңде ресейлік хоккейшілер сәтті ойын көрсетті. Олардың қатарынан Илья Морозов 5-минутта, Алексей Торопченко 12-минутта мергендігімен көзге түсті.
Оған екінші кезеңде Беларусь құрамасы сапынан Иван Дроздов 27, Игорь Мартынов 30-минутта екі голмен жауап қайырып, таразы басы теңесті. Ал 33-минутта Марат Хайруллин Ресейді қайтадан алға шығарды. Ойынның 43-минутында ресейлік Рафаэль Бикмуллин қорытынды есепті белгіледі. Кездесуде Ресей құрамасы 4:2 есебімен басым түсті.
Естеріңізге сала кетелік, 10 ақпанда аталған турнирде Қазақстан Беларусьті 5:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді 12 ақпанда Қазақстан мен Ресей құрамалары шеберлік байқасады. Жеңгені турнирдің жеңімпазы атанады.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған турнир биылғы әлем чемпионатына дайындық есебінде жүргізіледі. Ол 2021 жылдың 21 мамыры мен 6 маусымы аралығында Латвияда болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.