НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2026 жылы Қазақстан шайбалы хоккейден элиткалық дивизиондағы әлем чемпионатын қабылдаудан үміткер мемлекеттер қатарына қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір мұндай елдердің қатарында Қазақстаннан өзге Норвегия мен Ұлыбритания бар. Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) алдағы уақытта бұрын мұндай дүбірлі доданы өткізбеген елдерді таңдауға назар аударып отыр.
Биыл әлем чемпионаты Швейцарияда өткізілуі тиіс болатын. Дегенмен коронавирус пандемиясына байланысты аталған мемлекет жарысты қабылдаудан бас тартты. Әлем чемпионатын 2021 жылы - Беларусь пен Латвия, 2022 жылы - Финляндия, 2023 жылы Ресей, 2024 жылы - Чехия, 2025 жылы - Швеция мен Дания қабылдауға дайын.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы 2019 жылы бірінші дивизионда озық шығып, элиткалық дивизионға жолдама алған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.