НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордамызда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты бірінші дивизионы А тобының алғашқы тур ойындары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәл қазір Қазақстан мен Словения құрамалары арасындағы кездесудің бірінші кезеңі мәресіне жетті. Бірінші кезеңде Қазақстан хоккейшілері қарсылас құрама қақпасына үш шайба соғып үлгерді. Алдымен 3-минутта Никита Михайлис мергендік танытса, одан кейін 9-минутта Антон Некряч есепті үстемелей түсті. Ал 16-минутта Никита Михайлис тағы бір соғылған шайбаның авторы атанды.
Қазақстан құрамасы ертең 1 мамырда Литвамен, 2 мамырда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасса, 4 мамырда Беларусьпен, 5 мамырда Венгриямен мұз айдынға шығады.
Аталмыш топта бүгін екі ойын аяқталды. Оңтүстік Корея Венгрияны 5:1 есебімен тізе бүктірсе, Беларусь Литвадан 4:3 есебімен басым түсті.
Аталмыш топта бірінші орын алған құрама келер жылы топ-дивизионда ойын көрсетуге мүмкіндік алады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.