АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының негізгі кезеңі аяқталып, ширек финалға жолдама алған командалар анықталды. Биыл барлық команда 50 ойыннан өткізді.
Көкшетаудың «Арлан» командасы Қазақстан тұрақты чемпионатының жеңімпазы атанды. Олардың ширек финалдағы қарсыласы - атыраулық «Бейбарыс».
Екінші орын алған өзбекстандық «Хумо» 1/4 финалда қарағандылық «Сарыарқамен» кездессе, астаналық «Номад» Рудныйдың «Горнягымен», Өскеменнің «Торпедосы» «Ақтөбемен» ойнайды.
Ширек финалдың алғашқы ойындары 20 ақпанда басталады.
Еске салсақ, бұдан бұрын -2026 жылғы Қысқы Олимпиадада хоккейден Қазақстан құрамасының іріктеу сатысындағы қарсыластары анықталды.
Қазақстандық хоккейшілер D тобында Словакия, Австрия және Венгриямен 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиадаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Ойындар 2024 жылдың 29 тамыз және 1 қыркүйегі аралығында Словакия астанасы Братислава қаласында өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.