Хоккей: Қазақстан құрамасы бүгін Азия чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында Азия чемпионатындағы алғашқы ойынын Жапонияға қарсы өткізеді.

Фото: ҚР Хоккей федерациясы

Бұл кездесу Қазақстан уақытымен 12:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық бәсекеде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстан құрамалары жүлдені сарапқа салады.

Ойындар кестесі (Қазақстан уақытымен):

5 қараша, 12:00. Жапония – Қазақстан;

7 қараша, 13:30. Қазақстан - Қытай;

8 қараша, 13:30. Қазақстан - Оңтүстік Корея.

Қазақстан хоккей федерациясы алдағы турнирге қатысатын ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабын жариялады.

Ел құрамасының бас бапкері қызметін «Барыс» командасының өкілі Талғат Жайлауов атқарады. Бапкердің көмекшілері ретінде клуб жүйесінің өкілдері Константин Пушкарев пен Роман Старченко жұмыс істейді.

Сонымен қатар штаб құрамына қақпашылар бапкері Александр Смелянец, дене дайындығы жөніндегі бапкер Игорь Елисеев және видео бапкер Владислав Белан енді.

Айта кетсек, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленгенін хабарлағанбыз.

Отандастарымыз Оңтүстік Кореядан 5:1 есебімен басым түсіп, Жапониядан 0:4, Қытайдан 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.