НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық хоккей федерациясы 2022 жылы Қытай астанасы – Бейжің қаласында өтетін Қысқы Олимпиадаға іріктеу сатысын барлық топтың күнтізбесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы Н тобында Украина, Польша және Голландия құрамаларымен сынға түседі. Ойындар 6-9 ақпан күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс-Аренада» өткізіледі. Қазақстандық хоккейшілер 6 ақпанда Украинамен айдынға шықса, одан кейін 7 ақпанда Голландия, 9 ақпанда Польшамен кездеседі.
Өз тобында қазақстандық хоккейшілер бірінші орын алуы тиіс. Сол арқылы іріктеу кезеңінің финалдық сатысына жолдама алады. Жарыстың аталмыш сатысында қазақстандық хоккейшілер 2020 жылдың 27-30 тамыз аралығында Словакия, Норвегия, Латвиямен шеберлік байқасады.
Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарында екі мәрте бақ сынады. 1998 жылы ширек финалға дейін жетсе, 2006 жылы жалпы есепте тоғызыншы орын алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.