АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден әлем чемпионатында топтық кезеңде Қазақстан құрамасы шешуші кездесуде негізгі қарсыласы Латвияға 1:2 есебімен есе жіберді.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, қазақстандықтар матчты сәтті бастап, 4-минутта Никита Иванов есеп ашты. Ойынның екінші кезеңінде 35-минутта Роман Савченконың қателігінен кейін Каспарс Даугавиныш таразы басын теңестірді. Кездесу аяқталуға бес минут уақыт қалғанда, Марис Бичевскис командасын алға шығарды. Бұл ойында Қазақстан құрамасының қақпашысы Виталий Колесник бірнеше рет командасын голдан құтқарып қалғанын айту керек. Ал қазақстандық ойыншылар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Сөйтіп латвиялықтардың еншісінде алты ұпай болса, Андрей Назаровтың шәкірттері бар болғаны екі-ақ ұпаймен өз тобында соңғы орынды иеленіп, күштілер дивизионынан шығып қалды.
Қазақстан құрамасы соңғы кездесуін 16 мамыр күні Даниямен өткізеді, алайда ол матч қазақстандықтар үшін ештеңені де шешпейді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).