НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жастар құрамасы элиталық топта өз орнын сақтап қала ала ма, оны алдағы ойындар шешеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Чехияда өтіп жатқан жастар әлем чемпионатында А тобында соңғы орынға ие болған қазақстандықтардың қарсыласы бүгін белгілі болады.
В тобында бүгін Ресей мен Германия, Канада мен Чехия құрамалары кездеседі. Қазіргі кезде Ресей мен Германияның қоржынында үш, Чехияда төрт ұпай бар. Осылардың қайсысы В тобында соңғы орында қалады, Қазақстан сонымен шеберлік байқасады.
Қазақстан элиталық топта өз орнын сақтап қалу үшін Остравада шешуші ойындарын өткізеді. Бәсеке екі жеңіске дейін созылады. Бірінші матч 2 қаңтарда, екіншісі 4-інде болады. Қажет болған жағдайда үшінші ойын 5 қаңтарда өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жастардың Швециядан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).