Хоккей: «Қазцинк-Торпедо» қарсыласынан буллит сериясында ұтылды

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы сырт алаңда «Сокол» командасымен кездесіп, өз қарсыласына буллит сериясында жол беріп қойды.

Красноярск қаласында өткен матч аса тартысты әрі қызықты болды. Бірінші кезеңнен бастап екі команда бір-біріне тегеурінді шабуылдар жасап, қақпашыдан өз айласын асыруға тырысты. Дегенмен, екі жақтың да бекінісі бекем болды. Ойын барысында «Қазцинк-Торпедо» мен «Соколдың» хоккейшілері ережені бұзып, бір ойыншыға артық және кем құрамда ойнады. Алайда ол мүмкіндіктерді де жүзеге асыра алмады. Содан матчтың үш кезеңінде де есеп ашылмады. Қосымша уақытта да ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ойын буллит сериясына ұласты. Онда «Сокол» командасының мерейі үстем болды. Есеп - 0:1.

Айта кетейік, Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы бұған дейін бірде-бір рет жеңілмей, қатарынан жеті ойында жеңіске жеткен болатын. Бүгін буллит сериясында ұтылса да, бір ұпайды олжалап, Жоғары хоккей лигасының жалпы турнирлік кестесінде 21 ұпаймен көш бастап тұр.