Хоккей: «Қазцинк-Торпедо» «Кубань» командасын ойсырата ұтты

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы өз алаңында «Кубань» (Ресей, Краснодар) командасын ойсырата ұтты.

Бұл ойынның алғашқы шайбасын Жоғары хоккей лигасының үздік шабуылшысы, «Қазцинк-Торпедоның» форварды Евгений Рымарев соқты. Бірінші кезеңде екі команда да барынша тырысып, өз басымдығын бекітіп алуды көздеді. Е.Рымаревтің бірнеше соққылары қарсыластар қақпасына тисе де, «Кубань» қақпашысы барлығын шебер қайтара білді. Дегенмен, кезеңнің соңғы секундтарында есеп өзгерді. 1:0. «Қазцинк-Торпедо» алға шықты. Ал екінші кезеңнің басында Өскемен қаласының хоккей клубы өз басымдығын 3:0-ге жеткізді. «Кубань» оған тек бір шайбамен ғана жауап бере алды. Үшінші кезеңнің ортасында оның қақпасынан төртінші шайба табылды. Қорытынды есеп - 4:1. Сөйтіп, Краснодар қаласында өткен ойында «Қазцинк-Торпедо» өз қарсыласына 3:6 есебімен жол берсе де, өз жерінде қарымта қайтарып, лига фаворитерінің бірін тізе бүктірді.

Айта кетейік, осы ойыннан кейін «Қазцинк-Торпедоның» ұпай саны 49-ға дейін жетті. Соның арқасында команда Жоғары хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде екінші орынға шықты. Лиганың екі дүркін чемпионы - «Торос» бірінші орынды сақтап келеді.