Хоккей: Литва құрамасының қауқары қандай

НҰР-СҰЛТАН. Бүгін Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты бірінші дивизионы А тобында кезекті тур ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы Литвамен шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, елордамызда аталмыш топтағы алты құрама топ-дивизионға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады. Біздің қазақстандық хоккейшілер Оңтүстік Корея, Беларусь, Литва, Венгрия және Словениямен сынға түседі. Литва әлемдік деңгейде үздік құрама санала қоймайды. Олар бірде-бір мәрте топ-дивизионда бақ сынап көрген емес. Көбінесе бірінші дивизионның төменгі тобы саналатын В тобында сынға түсіп жүргені белгілі. Соңғы рет литвалықтар А тобында 2010 жылы төбе көрсеткен еді. Сол жылы Австрия, Украина, Жапония, Голландия және Сербия құрамаларымен кездесті. Алты құрама арасында бесінші орынды қанағат тұтты.

Литва елінде шайбалы хоккей спорты жоғары деңгейде деп айтуға негіз жоқ. Биыл бұл мемлекеттің хоккей лигасында «Энергия», «Хоккей Панкс», «Каунас хоккей» және «Гележинис Вилкас» командалары сынға түсті. Сондай-ақ, «Энергия» командасы шайбалы хоккейден Беларусь чемпионатының жоғары лигасында ойын көрсетеді. Әзірге онда ешқандай жоғары нәтижеге қол жеткізіп көрген жоқ.

Аталмыш құрама біздің елімізде өтіп жатқан дүбірлі додаға Литвамен бірге АҚШ, Финляндия, Ұлыбритания, Латвия, Норвегия, Бельгия, Германия, Швеция, Швейцария елдерінде ойнайтын хоккейшілерді алып келді. Дегенмен олардың арасында әлемнің үздік клубтарының өкілдері жоқ. Сондықтан бұл дүбірлі додада жанкүйер сенімінен шығайтын деңгейде көрсете алмай отырған жайы бар. Бүгінге дейін Беларусь құрамасымен кездесті. Олардан 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Литва хоккейшілері алдында аталмыш топтағы орнын сақтап қалу міндеті тұр.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен Литва құрамалары бүгінге дейін 4 мәрте кездескен еді. Оның барлығында біздің жігіттер басым түсті. Алғашқы кездесу 2000 жылдың 10 ақпанында өткен қысқы Олимпиаданың іріктеу кездесуінде қазақстандық хоккейшілер оларды 13:2 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін екі құрама 2003 жылдың 16 сәуірінде әлем чемпионатының бірінші дивизионында А тобында ойнап, бұл жолы да біздің жігіттер 13:2 есебімен басым түсті. Екі құрама жарыстың аталмыш сатысында 2009 жылдың 11 сәуірінде тағы да жолықты. Бұл жолы Қазақстан құрамасы 5:1 есебімен жеңді. Ал 2011 жылы қос құрама тағы да жарыстың сол сатысында кездесті. Сол жолы Қазақстан құрамасы 7:0 есебімен ұтты.

Аталмыш кездесу Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 16..30-да басталады. Ойын QazSport телеарнасынан көрсетіледі.