Хоккей: Оралда балалар арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында бүгін 2008 жылғы балалар арасында шайбалы хоккейден ел біріншілігі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан чемпионатының үшінші, қорытынды туры Ақ Жайықта алғаш рет ұйымдастырылды.

Біріншілікке республика өңірлерінен барлығы сегіз команда қатысып, 7-10 сәуір күндері бақ сынады.

Жарыс қорытындысында Алматы облысының «Стрижи» командасы жеңімпаз атанса, Алматы қаласының «Алматы» командасы екінші, шымкенттік «Торнадо» үшінші орынға ие болды. БҚО құрамасы төртінші орынға табан тіреді.
   

Сонымен қатар жекелеген үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтқанда, Арсений Кучковский «үздік қақпашы», Дэнир Өтеев «үздік қорғаушы» (екеуі де «Стрижи» командасынан), Святослав Хорченко («Торнадо») «үздік шабуылшы», Даниил Казачков («Алматы») «ең нәтижелі ойыншы» атанды.

БҚО шайбалы хоккей федерациясының президенті Аркадий Рубцовтың айтуынша, балғын хоккейшілер бөлімшесі жабық мұз айдыны сарайында тек 2013 жылы ашылып, оған төрт жасар балалар қабылданған еді. Қазір онда 126 балғын жаттығуда. Бес жыл ішінде батысқазақстандық «Ястребы» командасы біраз табыстарға қол жеткізді. Мысалы, жуырда БҚО құрамасы Ресей мен көршілес Ақтөбе қаласында өткен жарыстан жүлдемен оралды.