Хоккей: ресейлік клубтар «Қазцинк-Торпедоны» жеңе алмай келеді

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жоғары хоккей лигасының жаңа маусымы аясында Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедо» хоккей клубы сырт алаңда бесінші кездесуін өткізіп, «Титан» командасын жеңді.

Валерий Харламов атындағы Клин қаласының мұз айдынында өткен осы жолғы ойында да «Қазцинк-Торпедо» хоккейшілерінің басымдығы барынша байқалды. Олар матчтың үшінші минутында есеп ашты. Ал екінші кезеңде қарсыластардың қақпасына екі бірдей шайбаны салып кетті. Есеп - 3:0. Бірақ «Титан» командасы таразы басын 3:2-ге дейін қысқарта білді. Үшінші кезеңде «Қазцинк-Торпедо» есеп айырмасын екі шайбаға жеткізді. Қарсыластар тағы да бір шайбамен жауап берді. Есеп - 4:3. Осыдан кейін «Титан» өз шабуылдарын үдетіп, есепті теңестіруге тырысты. Алайда «Қазцинк-Торпедоның» қорғанысын бұза алмады. Ойынның соңғы екі минутында қақпашыны алып тастап, алтыншы хоккейшіні де шығарып көрді. Одан да ештеңе шыққан жоқ. Ал Өскемен қаласының хоккей клубы осы мүмкіндікті қалт жібермей, ойынның соңғы бесінші шайбасын соқты. Қорытынды есеп - 5:3. Осылайша, Жоғары хоккей лигасының жаңа маусымын сәтті бастаған «Қазцинк-Торпедо» хоккей командасы бес ойында да жеңіске жетіп, жалпы турнирлік кестеде 14 ұпаймен көш бастап тұр.