11:19, 02 Қазан 2013
Хоккей: «Сарыарқаның» хоккейшілері «оянды»
АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы өз алаңында «Рязань» командасын ойсырата ұтты.
«Сарыарқаның» хоккейшілері ойынның бірінші кезеңінде-ақ қарсыластар қақпасына үш бірдей шайба салып, алға шықты. Ал екінші кезеңде есепті 4:0-ге дейін жеткізді. Үшінші кезеңде де «Сарыарқаның» қарқыны басылмады. Қарағандылық клубтың хоккейшілері «Рязаньның» қақпашысын тағы екі мәрте сан соқтырып кетті. Ойын барысында қарсыластар тек бір шайбамен ғана жауап бере алды. Қорытынды есеп - 6:1. Осылайша, бұған дейін жеті мәрте ұтылған «Сарыарқаның» хоккейшілері «оянып», жеңіске жетті. Команда тағы үш ұпайға ие болды. Қазір ол лиганың жалпы турнирлік кестесінде бір сатыға көтеріліп, 25-ші орынға орналасты.