Хоккей: «жай» «Барыс» «Ақ Барысты» жеңе алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Қазанда «Ақ Барыс» командасымен өткізіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аса тартысты өткен матчта қарсыластар көпке дейін қақпа кілтін таба алмады. «Барыс» сапында бір ғана Павел Акользин бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Әсіресе, екінші кезеңде «Ақ Барыстан» қос бірдей ойыншы айдыннан қуылған сәтте Евгений Корешковтың шәкірттері үшін есеп ашатын тамаша сәт туды. Алайда астаналықтар мұны пайдалана алмады. Олар гол соғып үлгергенімен, төрешілер қақпашыға кедергі келтірді деген себеппен есептемей тастады. Бұдан кейін КСРО құрамасы сапында олимпиада, әлденеше рет әлем, Еуропа чемпионы атанған белгілі қорғаушы әрі танымал бапкер Зинетула Билялетдинов жаттықтыратын қазандықтар Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға лап қойды. Сөйтіп екінші кезең бітуге бір минутқа жетпейтін уақыт қалғанда, канадалық шабулшы Роб Клинкхаммер шайбаны әдемі бағыттап, «Ақ Барысты» алға шығарды. 

Жалпы, матч барысында «Ақ Барыстың» қақпашысы Эмиль Гариповтың сәтті ойнағанын айтуға болады. Оның үстіне үшінші кезеңде «Барыс» сапындағы канадалық қорғаушы Даррен Диц соққан шайба қақпа жақтауына тиіп, кері қайтты. Кездесу соңына таман айдын иелері қарқынды қайта күшейтті. Қарымта шабуылда Х.Карлссон Дмитрий Обуховтың соққысын қайтарып үлгергенімен, Антон Глинкин шайбаға бірінші болып жетіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Керісінше астаналықтардың шабуылда азусыздық көрсеткені сондай, бес мәрте сан басымдылығына ие болғанымен, соның біреуінен де нәтиже шығара алмады.

Осылайша, елордалықтар біріншілікте төртінші рет қатарынан жеңіліс тапты. Шығыс конференциясында  әзірге төртінші сатыда тұрған «Барыс» келесі ойынын Санкт-Петерборда КХЛ-да 93 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан СКА командасымен өткізеді.