Хоккейден ӘЧ: Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы жеңісіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты IB дивизионындағы үшінші ойынын Испанияға қарсы өткізді.

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Кездесу барысында отандастарымыз жинақы қимыл көрсетті. Алғашқы кезеңде қарсыластар бір-бір мәртеден гол соқса, екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер басымдықты арттыра түсті. Үшінші кезеңде қос құрама тағы да бір-бір шайбаны қақпаға салды. 

Испания — Қазақстан 2:3 (1:1, 0:1, 1:1)
0:1 — Филимонова (Буторина, Шегай) — 16:52
1:1 — Гименес (Кастелланос) — 17:37
1:2 — Оразбаева (Шегай, Филимонова) — 31:39
2:2 — Серна (Бош) — 41:31
2:3 — Филимонова (Тұрсынова) — 45:18

Қақпашылар: Гонзало — Щёколова.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Үшінші турда Латвия овертаймда Ұлыбританияны 4:3, Нидерланд Оңтүстік Кореяны 3:0 есебімен жеңді.

Қазір турнир кестесінде 9 ұпаймен Нидерланд көш бастап тұрса, одан кейінгі орындардағы Ұлыбританияның 6, Латвия, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның 4 ұпайы бар. Әзірге Испания құрамасының ұпай қоржыны бос.

Қазақстан әйелдер құрамасы

Қақпашылар: Вероника Агеева («Торпедо»), Арина Щеколова, Полина Говтва (екеуі — «Томирис»)

Қорғаушылар: Юлия Буторина, Александра Воронова, Дария Молдабай (барлығы — «Томирис»), Катрин Мескини Полина Яковлева («Торпедо»), Аида Олжабаева, Мәдина Тұрсынова, Анна Пяткова («Айсұлу»);

Шабуылшылар: Мәлика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Елизавета Дюндина, Лариса Свиридова (барлығы — «Айсұлу»), София Зубкова, Дильназ Саяхатқызы, Мунира Саяхатқызы («Торпедо»), Екатерина Куценко, Анастасия Оразбаева, Надежда Филимонова, Александра Шегай барлығы — «Томирис»), София Муравьева («Айсұлу Таңдаулы»).
Айта кетсек, алғашқы екі турда қазақстандық хоккейшілер Латвияға буллитен 2:3, Нидерландқа 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

Енді қазақстандық хоккейшілер 17 сәуірде Оңтүстік Корея, 18 сәуірде Ұлыбритания құрамаларымен шеберлік байқасады.