АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы хоккейден 18 жасқа дейінгілер арасында Финляндияда өтіп жатқан әлем чемпионатында тарихи жеңісіне қол жеткізді.
Георгий Верещагин баптайтын қазақстандықтар В тобында Чехия құрамасын 4:3 есебімен ұтып, сенсация жасады.
Жеңіс голын овертаймда Мстислав Шипилин соқты.
Бұл – Қазақстанның 18 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаттарындағы бірінші жеңісі. Осыған дейін 2003 жылы Ресейдің Ярославль қаласында өткен біріншілікке қатысқан қазақстандықтар онда барлық матчында қарсыластарына есе жіберген еді.
Қазіргі кезде В тобында Канада 3 матчтан кейін 9 ұпаймен алда тұр. Чехияда – 6, Швецияда – 4, Швейцарияда – 3, Қазақстанда 2 ұпай бар.
Қазақстандықтар соңғы кездесуін 30 сәуір күні Канадамен өткізеді.
Бұл матчта жеңіліп қалған жағдайда Қазақстан құрамасы А тобында соңғы орын алған командамен кездеседі. Оны ұтса, элитада қалады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).