Хоккейден әлем чемпионаты: Аустрия буллиттен Словакияны жеңіп кетті

Фото: Фото: Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионында 12 мамырда өткен екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Екі ойынның бірінде В тобында АҚШ құрамасы Швейцариямен шеберлік байқасты.

Алғашқы екі турда бірде-бір ұпай жоғалтпаған АҚШ хоккейшілері бұл жолы қарсыласына 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Швейцария сапынан Дамьен Риа 12, Йонас Зигенталер 15, Дин Кукан 51-минутта мергендік танытты.

Ал А тобындағы Аустрия мен Слокакия кездесунің негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды.

Алдымен аустриялық Петер Шнайдер 7, Марко Каспер 11-минутта екі шайба соғып кетті. 

Оған словакиялық Самуэль Гонзек 26, Матуш Сукель 50-минутта екі голмен жауап беріп, таразы басы теңесті.

Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен Аустрия құрамасының жолы болды.

Осылайша олар қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ бүгін А тобында сағат 23:10-да Финляндия мен Швеция шеберлік байқасса, В тобында Чехия мен Дания ойнайды.

Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазірге дейін Канада - 28 Ресей (КСРО) - 27, Чехия (Чехословакия)- 13, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия -1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.