Хоккейден әлем чемпионаты: Чехия құрамасы Данияны ірі есеппен жеңді

Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионында 12 мамырдағы соңғы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Қазақстан құрамасы сынға түсіп жатқан В тобында Чехия Данияны 7:2 есебімен ойсырата жеңді.

Кездесу барысында чехиялық хоккейшілердің басымдығы байқалып тұрды. Олардың қатарынан Мартин Нечас 23, Даниэль Газда 24, Давид Пастрняк 33, Лукаш Седлак 36-минутта төрт гол соғып кетті. Оған даниялық Ник Олесен 38-минутта бір голмен жауап қайырды.

Ал Мартин Нечас 44-минутта тағы бір мәрте көзге түссе, даниялық Кристиан Вайсе Матиасен 46-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Ойынның соңғы минуттарында чехиялық хоккейшілер басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде Даниэль Воженилек 57, Роман Червенка 59-минутта екі шайба соғып, ойынның нүктесін қойды.

А тобында Финляндия құрамасы Швецияға 1:2 есебімен жол берді. Алғашқы екі голды швециялық хоккейшілер соғып кетті. Алдымен Лео Карлссон 4-минутта мергендік танытса, Юнас Бродин 27-минутта басымдықты арттыра түсті.

Оған финляндиялық Харри Песонен 53-минутта бір голмен жауап қайырды.

Айта кетсек, 12 мамырда В тобында АҚШ құрамасы Швейцарияға 0:3 есебімен жеңілсе, Аустрия буллиттен Словакияны 3:2 есебімен сүріндірді.

Енді бүгін, 13 мамырда А тобында Словения мен Латвия, Канада мен Франция, В тобында Норвегия мен Германия, Қазақстан мен Мажарстан ойнайды.