АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар үшінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер белсенділік көрсетті. Есепті алғашқы болып София Роаковская 4-минутта ашқан еді. Одан кейін ел құрамасынан София Зубкова 9-минутта есепті үстемелей түсті.
Қарсылас құрама аталған екі голдан кейін қатарынан үш шайба соғып, басымдықты арттыра түсті.
Үшінші кезеңде қазақстандық Кира Куховская 44, София Зубкова 47, 57-минуттарда мергендік танытты.
Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, ел құрамасы екінші дивизионында В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Болгария, Жаңа Зеландия, Бельгия, Эстония, Исландия.
Бұған дейін қазақстандық хоккейшілер Болгариядан 8:1, Жаңа Зеландиядан 7:1 есебімен басым түсті.
Енді ел құрамасы 31 қаңтарда Эстония, 2 ақпанда Исландиямен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.