НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шайбалы хоккейден ерлер арасында чемпион анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай жетістікке Финляндия құрамасы қол жеткізді. Финляндиялық хоккейшілер финалда Ресейді 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша олар өзінің тарихында тұңғыш мәрте Олимпиада чемпионы атағына ие болды.
Бұған дейін жеті құрама жеңімпаз тұғырынан көрінген болатын. Атап айтқанда, Канада мен Ресей (КСРО көрсеткішін қоса есептегенде) -9, АҚШ пен Швеция - 2, Чехия мен Ұлыбритания - 1 мәрте чемпион атанды.
Ал Финляндия 2 мәрте күміс, 4 мәрте қола жүлдегер атанған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Словакия ерлер арасында қола жүлдегер болды.
Сондай-ақ бүгін Бейжің Олимпиадасының жабылу рәсімі өтеді.
Фото: championat.com
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.