НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 сәуірде шайбалы хоккейден әйелдер арасында әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Қытаймен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, әлем чемпионатында барлығы алты құрама бақ сынауда. Қазақстандық хоккейшілер Қытай, Польша, Италия, Словения және Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасуда.
Қазірге дейін қазақстандық қыздар үш ойын өткізді. Олар Польшадан 1:3, Италиядан 0:1 есебімен жеңілсе, Оңтүстік Кореяны 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Турнир кестесінде қазақстандық хоккейшілер үш ұпаймен үшінші орында келеді. Дәл осындай ұпайды Италия және Словения құрамалары еншілеген.
Көш басындағы Қытайдың тоғыз ұпайы болса, Польшаның еншісінде жеті ұпайы бар. Соңғы орында бір ұпаймен Оңтүстік Корея келеді.
Енді Қазақстан қыздары 12 сәуірде Қытаймен, 14 сәуірде Словениямен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындығын 17 сәуірде бастайды .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.