Хоккейден Қазақстан чемпионаты жартылай финалына кімдер шықты

Фото: «Сарыарқа» хоккей клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңі жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды.

Мұндай мүмкіндікке алдымен өскемендік «Торпедо» қол жеткізді. Олар ширек финалда атыраулық «Бейбарысты» жалпы серияда 4:0 есебімен қапы қалдырды.

Ал жалпы серияда қарағандылық «Сарыарқа» Рудныйдың «Горнягын», Петропавлдың «Құлагері» Көкшетаудың «Арланын» 4:1 есебімен жеңді.

Ширек финалдағы ең тартысты бәсеке астаналық «Номад» пен «Алматы» арасында өтті. Жартылай финалға жолдаманың тағдыры жетінші матчта шешілді. Онда елордалық клуб үлкен жеңіске жетіп, серияны 4:3 есебімен жеңіп алды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазірге дейін «Торпедо» — 13, «Бейбарыс», «Сарыарқа», «Арлан» — 3, астаналық «Барыс» пен «Номад» — 2, сәтпаевтық «Қазақмыс» пен теміртаулық «Болат» — 1 мәртеден чемпиондық атаққа қол жеткізді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті.