Хоккейден Қазақстан мен Ресей ойынын қайдан көруге болады
10:06, 05 Мамыр 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада халықаралық «Qazaqstan Hockey Open 2023» турниріндегі алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Ресеймен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан мен Ресей ойыны елорда уақытымен 19:20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, халықаралық турнир аясында қазақстандық хоккейшілер 7 мамырда Беларусьпен шеберлік байқасады.
Ал, 13 мамырда ел құрамасы Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қаласында өтетін әлем чемпионатында В тобындағы ойынын бастайды. Қарсыластары – Канада, АҚШ, Швейцария, Словакия, Латвия, Норвегия және Словения.
Қазақстандық хоккейшілер топтық кезеңдегі ойындарын Рига қаласында өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяны жолдастық кездесуде екінші мәрте жеңді.