АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатына дайындығы алдында Венгриямен жолдастық кездесу өткізді.
Кездесу барысында біздің құрама сапынан Александр Симахин 2, Леонид Шакенов 9, Аристарх Киреев 21, Бексұлтан Мақыш 27, Әлішер Саркенов 40, Святослав Евплов 49-минутта мергендігімен көзге түссе, оған венгриялық құрама бір шайбамен жауап берді.
Осылайша қазақстандық құрама қарсыласынан 6:1 есебімен басым түсті.
Енді олар бүгін, 17 сәуірде Австриямен жолдастық кездесуде шеберлік байқасады.
Қазақстандық хоккейшілер бірінші дивизионының А тобында сынға түседі. Қарсыластары — Дания, Венгрия, Словения, Австрия және Украина.
Алдымен 20 сәуірде Словениямен кездессе, одан кейін 21 сәуірде Венгрия, 23 сәуірде Дания, 24 сәуірде Австрия, 26 сәуірде Украинамен кездеседі.
Еске салсақ, көкшетаулық «Арлан» командасы шайбалы хоккейден 2025 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.