Хоккейден ҚР 9-шы Кубогіне 10 команда қатысады

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 20-27 тамыз аралығында Астанада хоккейден Қазақстан Республикасының Кубогі өтеді. Бұл туралы бүгін елордада аталған сайысқа байланысты болған баспасөз мәслихатында Қазақстан Хоккей федерациясының бас директоры Юрий Зверев айтты.

«Ертең Астанада хоккейден Қазақстан Республикасының ерлер командалары арасында 9-шы Кубогі басталады. Бұл спорттық шараға еліміздің 10 командасы қатысады. Айта кетейік, биылдан бастап «Астана» атты жаңа команда қатарға қосылды»,-деді ол.

Атап айтқанда, «Астана» хоккей клубы биылғы жазда елордада жасақталды. Ертең басталатын бұл додада командалар «А» және «В» топтарына бөлінген.

Естеріңізге сала кетейік, аталған Кубокті сарапқа салу 2001-2002 жылдардағы ойын кезеңінен басталып отыр. Бүгінге дейін 8 Кубок ойындары өтіп, 4 рет «Қазцинк-Торпедо», 3 мәрте «Қазақмыс», сондай-ақ 1 рет «Горняк» командасы жеңімпаз атанды.

Енді 2011 жылғы осы айтулы сайысқа елордалық «Астана», «Барыс-2» командалары, «Арлан» (Көкшетау), «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен), «Горняк» (Рудный), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Алматы» (Алматы), «Бейбарыс» (Атырау), «Арыстан» (Теміртау), «Ертіс-Павлодар» (Павлодар) командалары қатысады.