Холокост кезінде жапа шеккендерге Франция билігі 60 млн. доллар өтемақы төлемек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде холокост құрбандарын француз темір жол компаниясымен тасымалдағаны үшін Франция билігі қарымақы төлеу туралы АҚШ-пен келісімге келді, деп хабарлады ВВС.

Тараптар өтемақы қоры 60 млн. доллар екенін жариялады.

Қарымақыны соғыс кезінде концлагерлерге адам тасымалдаған SNCF мемлекеттік компаниясы өтейтін болады. Бұған дейін АҚШ заңгерлері фашистік Германияға қызмет еткені үшін SNCF компаниясымен темір жол келісімшарттарын жасаспау керектігін айтқан. Холокост кезінде аталған темір жол компаниясымен концлагерлерге барлығы 76 мыңға жуық еврей тасымалданды. Алайда, бірқатар тарихшылар SNCF компаниясын сол кезде Францияның бірқатар аумағын жаулап алған Германия әскері мәжбүрлегенін алға тартты. 2010 жылы темір жол компаниясының басшылығы соғыс кезіндегі қызметтері үшін кешірім сұрады.