Холокост құрбандарын құтқарған әйгілі консулдың ұрпағы Астанада елшілік қызмет атқарып жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалияның Қазақстандағы Елшісі Мария де Фатима Мендештің Екінші дүниезүзілік соғыс кезінде мыңдаған босқынды қолындағы жалғыз мөрдің көмегімен құтқарып қалған, сол әрекеті үшін қуғын көріп, жоқшылықта өлген әйгілі консулдың туысқаны екенін алғаш рет Израиль Елшілігі ұйымдастырған көрмеде білген едік. Осы оқиға қазақ оқырманына да қызық болар деген оймен Елші ханыммен туысқан атасы туралы аз-кем әңгіме өрбіттік.

Әуелі әңгіме түсініктірек болу үшін Мария де Фатима Мендештің туған атасының немере інісі Аристиидеш де Соуза Мендеш туралы ресми тарих не дейтініне назар салып көрейік.


1940 жылдың жазында герман әскері Парижді алып, әлемнің әр тарапына Пиреней түбегі арқылы босқандардың саны еселеп артады. 55 жастағы Аристиидеш де Соуза Мендеш бұл кезде Португалияның Бордо қаласындағы бас консулы болатын. Ал Бордо Франция мен Бельгиядан, Нидерланд пен Чехиядан жансауғалап қашқан босқындар үшін құтқару аралы-тұғын.

Соғыс дүниежүзілік сипат алған кезде Португалия билігі «бейтарап» қалатынын жариялаған. Бейтараптық ұстаным арқылы елді соғыстың тікелей зардабынан сақтау үшін Лиссабон Гитлер жүйесінің қуғын-сүргінінен қашқан әрбір босқынның мәселесіне сақтықпен қарады. 1939 жылдың күзінде-ақ консулдықтар мен елшіліктерге әр босқынға виза беру үшін Сыртқы істер министрлігінен рұқсат сұрату қатаң тапсырылды.

Кейбір тарихи деректер Португалия консулының Лиссабон нұсқауына бағынбай, тәуекелге толы әрекетке баруына Хаим Крюгер дейтін раввиннің жанкештілігі әсер еткенін меңзейді. Консулдықтан виза сұрап келген қисапсыз босқынның арасында осы раввин консул Мендешпен тез тіл табысып кетеді. Консул да оны жақын тартып, туысқандарына тездетіп виза рәсімдеп бере алатынын айтады. Ал Хаим Крюгер кезекте мыңдаған босқын тұрғанда қара басын күйттеп жұрттан бөлектене алмайтынын айтып, бас тартады. Осы оқиғадан кейін 2-3 күн бойы төсек тартып жатып қалған консул тұра салып, босқындарды ұлты мен тегіне бөлместен, Сыртқы істер министрлігінің мақұлдауын күтпестен, ақысыз виза таратуды бастап кетеді.


Осы оқиғаны зерттеушілер 1940 жылдың 16-23 маусымы аралығында Аристиидеш де Соуза Мендеш пен оның көмекшілері 30 мың адамға виза берген деген мәлімет келтіріп жүр. Оның 12 мыңы ұлты еврей босқындар болған. Сондай-ақ, Аустрия, Польша, Чехия сияқты соғыста жеңілген елдердің әскери офицерлері де бар еді. Олар Гитлер билігіне қарсы тұрғаны үшін өлім жазасына кесілуі керек болған. Бұлардан бөлек концентрациялық лагерь қаупі төнген бельгиялықтар, нидерландықтар, француздар мен люксембругтықтар Бордо арқылы герман әскері ту қадап үлгермеген аумақтарға өтуге мүмкіндік алған. Босқындардың арасында көрнекі зиялы қауым өкілдері де болған көрінеді. BBC-дің дерегі бойынша, Мендеш берген визаның көмегімен Францияны тастап шыққандардың арасында Сальвадор Дали мен кинорежиссер Кинг Видор, Ротшильдтер кланының кейбір мүшелері, кейін Бельгия билігіне келген қайраткерлер болған.

АҚШ-тағы Соуза Мендеш қорында консулдың визасы арқылы аман қалған 3800 адамның нақты дерегі сақталған.

Консулдың неше босқынға виза бергенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ Бордо қаласындағы виза реестрінде сол кездегі қарбаласты түсінуге болатын мәліметтер сақталған.

1939 жылдың қарашасынан 1940 жылдың мамыр айына дейін ай сайын 20 виза беріліп отырған. Ал мамыр айынан бастап күніне 8 виза беріле бастайды. 17-30 мамыр аралығында тәулік сайын 160 виза берілгенін көруге болады. Маусым айының алғашқы 10 күнінде Бордодағы Португалия консулдығы 59 виза берген. Ал 12 маусымда – 47, 13-інде – 6, 14-інде – 173, 15-інде – 112, 16-сында – 40, 17-сінде – 247, 18-інде – 216, 19-ы мен 22-сі аралығында 350 визадан таратылған.


Одан кейін виза беру ісі қарбаласқаны сонша, реестр жүргізуге ешкімнің мұршасы болмай кетеді. Маусымның 13-і мен 16-сы аралығында берілген визалардың күрт азаюы Соуза Мендештің раввинмен әңгімеден кейін төсек тартып қалатын кезіне сәйкес келеді.

Консулдың бұл әрекетіне өзге қалалардағы консулдар мен елшілер алаңдап, Лиссабонға хаттар жолдайды. 24 маусымда «Асоошиэйтед Пресс» Мендеш таратқан 10 мың визаны Португалия билігі жарамсыз деп танығанын жазады. Өйткені консул Бордомен тоқталмай, іргедегі Ирунге барып, тасжолдың бойында виза таратады.

1941 жылы Лиссабон Соуза Мендешті дипломат мәртебесінен айырып, Португалия аумағында жұмыс істей алмау керек деген пәрмен түсіреді. Ол дипломат мәртебесінен бөлек заңгерлік лицензиясы мен көлік жүргізушісінің халықаралық куәлігінен де айырылады.

Биліктің теріс назарына іліккен экс-консулдан достары мен әріптестері, кейбір туыстары да сырт айналады. Өзі 1945 жылы алғаш рет инсульт алады. Денесінің жартысы жансызданған Соуза Мендешке отбасын асырау уақыт өткен сайын қиындай түседі. 1948 жылы жұбайы инфарктан қайтыс болады. Ал экс-консулдың өзі 1954 жылы жоқшылықта көз жұмады. Өмірінің ең ауыр жылдарында оған қуғындағы еврейлерге көмек көрсететін ұйымдар материалдық жәрдем беріп тұрғаны айтылады. Балалары есейе келе, Португалияда Мендеш тегімен дұрыс өмір сүре алмайтындарын көріп, әлемнің әр түкпіріне бытырап кетеді.


Аристидеш Соуза Мендештің ісін Португалия соты тек 1978 жылы қайта қарады. Ал ресми ақталғаны туралы шешім 1987 жылы ғана шығады. 1988 жылы марқұмға елші лауазымы қайтарылып берілді. 1995 жылы Португалияның ең мәртебелі марапатына лайық деп танылды. Қазір Лиссабондағы ұлттық пантеонда консулдың мүсіні қойылған.

Біздің елдегі Португалия Елшісі Мария де Фатима Мендеш өмірге келген кезде әйгілі консул бұл дүниеде жоқ еді.

«Менің туысқан атам туралы естеліктері отбасылық суреттермен ғана шектеледі.

Өз атам ержүрек немере інісі туралы біз ес біліп қалған кезде айта бастады. Жазғы демалыста атамыздың үйінде жүретінбіз.

«Ол аталарың өте құрметті дипломат болған. Әулеттің тізгінін кім ұстау керек деген мәселе күн тәртібіне шыққанда менің кандидатурамды ашық қолдаған еді», - деп еске алатын.

Биліктің нұқсауына бағынбай босқындарға виза таратқаны үшін қуғын көріп, ұрпақтары әлемге шашырап кеткенін де алғаш атамнан естіп білдім.

Атам ол кезді есіне алса, немере інісіне қиын кезеңде көмектесе алмағанын айтып қайғыратын. Өйткені ол кезде атамыз Анголада тұрған екен. 1975 жылға дейін бұл ел Португалияның аумағы саналатын.

Туысқан атамызды дипломат ретінде де, адвокат ретінде де жұмысқа алмау туралы пәрмен қабылданғаннан кейін ол отбасын үйіндегі бағалы заттар мен картиналарды, әшекей бұйымдарын сатып асырайды. Одан болмаған соң балаларының бірі Африкаға, бірі АҚШ пен Канадаға бас сауғалайды. Лиссабондағы еврей қауымдастығы қолдарынан келгенше көмектеседі. 1954 жылы көз жұмғанда жұпыны тұрмысты адамның бірі болған екен.

Мен дипломат болам деген шешімге келген кезде анам құптады. Ал әкем біразға дейін қарсы болып жүрді. Кейін менің ынтамды көріп, ол да батасын берді.

Әлем қазір де аса бір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Тіпті адамзат өмірі үлкен қатердің алдында тұр деуге болады. Бірақ адамның ақылы, ізгілікке деген сенімі тағы да үстемдік алып, ортақ тағдырымызды іске асыратынымызға шын көңілмен сенемін. Өйткені бізде Жер шарынан басқа өмір сүре алатын ғаламшар жоқ», - дейді Мария де Фатима Мендеш.


«Бейбітшілік жаршысы» атанған әйгілі консулдың туысқаны, Португалияның Қазақстандағы Елшісі Мария де Фатима Мендеш әңгіме аяғында туысқан атасы Соуза Мендешті еске алып көрме өткізген Израиль Елшілігіне, сол шарадан алған мәлімет бойынша дипломатия тарихына қызығушылық танытып жатқан қазақстандық журналистерге ризашылығын білдірді.