Хопман Кубогы: Қазақстан құрамасы Сербияға есе жіберді

АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Австралияның Перт қаласында өтіп жатқан Хопман кубогы матчында Қазақстан құрамасы Сербиядан 3-0 есебімен ұтылып қалды. Бұл ақпаратты ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Тартысты бәсеке әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Ана Ивановичтің қазақстандық спортшы Ярослава Шведованы 7:6, 6:1 есебімен ұтуымен басталды. Кезекті ойында алаңға шыққан қазақстандық теннисші Андрей Голубев алғашқы сәтте Новак Джоковичті ұтқанымен келесі екі партияда 3:6, 1:6 есебімен есе жіберуге мәжбүр болды. Жұптасып өнер көрсетуде де сербтер басымдық танытты, есеп 7:6, 6:4.

Айта кетейік, турнир австралиялық теннисші әрі жаттықтырушы Гарри Хопманның құрметіне өткізілуде. Ол аталған елдің ұлттық құрамасының 1938-1969 жылдары аралығында Дэвис кубогын 15 мәрте жеңуіне өз үлесін қосқан болатын.