Хорватия Еуроодаққа қосылуға 2013 жылдың 1 шілдесінде дайын болады - Еурокомиссия

БРЮССЕЛЬ. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Еурокомиссия (ЕК) Хорватияның Еуроодаққа кіру дайындығы туралы қорытынды мониторингтік баяндамасын қабылдады, деп хабарлайды ЕК баспасөз қызметі.

Баяндамада атап өтілгендей, Хорватия 2012 жылдың қазан айында мақұлданған бұған дейінгі баяндамасында Еурокомиссия белгілеген қызметінің он басым бағыттарын орындады және Еуроодаққа қосылғанға дейін барлық негізгі міндеттерін орындау қабілеті мен жігерін көрсете білді.

Еурокомиссия Хорватия Еуроодаққа 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап қосылуға дайын деген шешімге келді.

«Бұл ел (Хорватия), жоспарланғандай, Еуроодақтағы өз орнын алуға дайын және біздің бәріміз қосылу туралы келісімнің аяқталуын асыға күтеміз және 1 шілдеден бастап Хорватияны ЕО-та қошеметпен қарсы аламыз», - деп мәлімдеді осы сұраққа қатысты Көршілестікті кеңейту және еуропалық саясат мәселелері жөніндегі еурокомиссар Штефан Фюле.