Хорватия құрамасына қарсы тағайындалған айып допты қайта қарап көреміз - ФИФА төрешілер департаментінің басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ФИФА басшылығы Бразилияда өтіп жатқан футболдан әлем біріншілігінің алғашқы ойынындағы Хорватия құрамасына қарсы айып доп тағайындалған сәтті тағы қарап көрмек. Бұл туралы ФИФА-ның төрешілер департаменті басшысы Массимо Бузаккаға сілтемемен ИТАР-ТАСС хабарлайды.

Бразилия мен Хорватия арасындағы кездесу маусымның 12-нен 13-не қараған түні өтті. Алаң иелері жапондық төреші Юити Нисимура Деян Ловреннің фолы үшін тағайындаған айып доптан мүлт кетпей, ойынның екінші голын салған болатын. Гол авторы - Неймар.

«Бұл эпизодты төрешілер қарап көреді. Әзірше алдағы уақытта Нисимураның әлем чемпионатының матчтарында төрешілік ететіні немесе етпейтіні жайлы ештеңе айта алмаймыз. Жақында бұл эпизодты төрешілер кеңесінде қайта қарап көріп, әділ шешім шығаратын боламыз», - деді Бузакка.