Хорватияда ірі орман өрті бақылауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Хорватияның Сплит қаласының маңындағы өртпен кем дегенде 250 өрт сөндіруші күресті. Жалын дүйсенбіден бері жанып жатыр. Қазіргі кезде жағдай тұрақтанды, деп хабарлайды Euronews.
Хорватияда көлемі жағынан ел астанасы Загребтен кейінгі екінші орында тұрған Сплит қаласының маңында орман өртінің таралуына тосқауыл қойылды. Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің айтуынша, жағдай сәрсенбі кешіне қарай тұрақтанды.
Өртті сөндіруге 250 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Қауіп төнген бірнеше үйдің тұрғындарын эвакуациялауға тура келді. Жергілікті жолдар жабылды. Азаматтарды өрт шыққан аймаққа жақын жүрмеуге шақырды.
Жалынды сөндіру үшін Canadair ұшақтары қолданылды.
Өрт дүйсенбі, 26 тамызда найзағайдан кейін басталып, келесі күні қатты желдің әсерінен күшейген.