Хош иіс адамның жанын емдейді: ароматерапияның құпиясы

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Хош иіс арқылы адамдардың ішкі дүниесіне үңілуге болады. Ерекше терапияның түрі туралы «Бүгін LIVE» жобасының кезекті санына қонақ болған Зарина Яроцкая айтып берді.

– Біз хош иіс арқылы адамдарға тест жасаймыз. Онда адамдардың ішкі дүниесінде болып жатқан көңіл күйін анықтаймыз. Терапияға келген адам 25-тен аса хош иіс иіскейді. Сол иіскеген хош иісі ұнаса, оған «+» белгісін қалдырады. Ұнатпаса «–» деп белгілейді. Соған қарап біз адамдардың қандай көңіл күйде отырғанын тексеріп береміз, – дейді ол.

Ароматерапевттің айтуынша, әр адамның өзіне тән хош иісі болады. Тек болмысына сай келетін иісті дұрыс таңдау маңызды.

– Біз тест жасау арқылы әр адамның өз хош иісін таңдап береміз. Қалай дейсіз ғой?! Менің практикамда бізге келген адамдардың 80 пайызы мансабын дөңгелеткісі келеді. «Ақшамды көбейтсем» дейді. Біреулер қарым-қатынасты шешкісі келеді. Ал кейбіреулер махаббат сезімімен көмекке жүгінеді. Сол келушілердің әртүрлі сұранысына байланысты біз тест жүргіземіз. Сосын сол адамның көңіл күйіне байланысты арнайы хош иіс дайындап береміз. Ол ароматты себу арқылы адамның сұранысы иіспен, мұрынмен түпсанаға жетеді. Ол түпсанада ұйықтап жатқан ресурстарды оята бастайды. Ресурстар оянған кезде адамда ой өзгереді ғой және мүмкіндіктер пайда болады. Сол мүмкіндіктер арқылы табысқа жете бастайды, – дейді маман.

Зарина Яроцкая ароматерапияның қалай жүргізілетінін түсіндірді.

– Біріншіден, біз аромат арқылы ерлі-зайыптылардың немесе қыз бен жігіттің қарым-қатынасын, олардың жұмыстағы көңіл күйін, кәсібінің табыс әкеліп, әкелмейтінін, тіпті әйел адамның өзін-өзі қаншалықты жақсы көретінін анықтай аламыз. Адамның өмірге деген көзқарасы, ішкі пейілі, қандай өзгеріс кезеңінде жүргені — бәрі осы арқылы көрініп тұрады. Біз аромат көмегімен адамдарды танып қана қоймай, шын мәнінде көмектесе аламыз. Көп адам өзгергісі келеді, өмірін жақсартқысы келеді. Бірақ неден бастарын білмейді. Біз сол өзгерісті бастауға итермелейтін бірінші қадамды ұсынамыз. Олардың өмірінде қандай күйзеліс болып жатқанын, қандай өзгеріске мұқтаж екенін көріп, бағыт-бағдар береміз. Шын ниетпен келген адамдар бізден тест өтіп, артынан бірден кері байланыс беріп, нәтижелерін жазып жатады, – дейді ароматерапевт.

Түрлі хош иісті әтірлермен жұмыс істейтін маман экологиялық таза иіссуды дұрыс таңдау лайфхагін бөлісті.

– Егер сеуіп жүрген әтірлеріңізді тексергілеріңіз келсе, үйде отырып сараптама жасауға болады. Ол үшін арнайы техника бар. Айнаға өзіңіздің әтіріңізді себесіз. Кейін сол жерге от тұтатсаңыздар, түтін шығады. Егер сол жерден қара түтін шықса, демек ол әтір экологиялық зиянды. Ал егер түтіні түссіз, ақшыл болып шығып жатса, онда зияны жоқ ароматты сеуіп жүрсіз, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін музыка-терапевті ноталар баланың қызығушылығын оятып, оң әсерін тигізетінін айтқан еді.