Хостелдегі өрт: сот тағайындалған үкімге қатысты толық ақпарат берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельникке шығарылған үкімді сот түсіндіріп берді.
Тергеу органы Әділбек Мұхамедьяровты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін жауапты адамның оларды бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан) айыптады.
Александр Пекельниктің ісі сотқа Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша берілді, алайда мемлекеттік айыптаушы сотта бапты ҚР Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігіне (тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігіне сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан) өзгертті.
– Сотпен анықталғандай А. Пекельник жеке кәсіпкер бола отырып, үй-жайдың меншік иесі болып табылатын ЖШС-мен өрт дабылы жүйесін жеткізу, орнату және іске қосу-баптау жұмыстары бойынша келісімшарт жасасқан. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты болды. Сотта ол нысанды өзі барып көрмегенін, орнату жұмыстарын оның атына тіркелген жеке кәсіпкерлікпен жұмыс істеген танысы О. жүргізгенін мойындады. Демек, Пекельник жұмыстардың сапасы мен қауіпсіздігін бақыламаған, тек құжаттарға ресми түрде қол қойған, - деп хабарлады соттан.
Өрт дабылы жүйесін электр жабдықтарымен жұмыс істеуге рұқсаты мен біліктілігі жоқ адамдар орнатқан. Жұмыстар жобамен сәйкес келмеген, орнатудан кейін дабыл жүйесінің сызбасы рәсімделмеген. Бұл Пекельник өз міндеттеріне формалды және жауапсыз қарағанын көрсетеді.
Әділбек Мұхамедьяров өрт қауіпсіздігі талаптары мен заңнамада көрсетілген тыйымдарға қарамастан, жертөле қабатында 48 орынға арналған 6 жатын бөлмеден тұратын орын жайластырған. Сонымен қатар ол эвакуацияға арналған жалғыз шығу есігін құлыптап қойған, бұл адамдардың шұғыл эвакуациялану мүмкіндігін шектеген. Өртке дейін бес күн бұрын хостел иесі жертөле қабатының дәлізіне матрастар төсеп қойған, бұл өтетін жолды тарылтып, эвакуация жолында кедергі келтірген.
Прокурор сотталушыларға 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыларға заңға сай жаза тағайындауды және материалдық, моральдық шығынды өндіруді сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ.
Сот сотталушылардың кінәсін мойындамағанына қарамастан, іс материалдарымен, соның ішінде өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын дәлелдейтін сараптама қорытындыларына сүйенді.
Айыпталушылардан жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиян үшін 7 млн теңге және материалдық шығын өтемақысы өндіріп алынды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров 5 жылға бас бостандығынан айырылды, Александр Пекельник 4 жылға сотталғаны туралы жазғанбыз.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.
Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.