Хостелдегі өртте азаматтары қайтыс болған Өзбекстан мен Пәкістан Ғылым министрлігіне жүгінбеді – Саясат Нұрбек
Хостелдегі өртте азаматтары қайтыс болған Өзбекстан мен Пәкістан Елшіліктері Ғылым министрлігіне жүгінген жоқ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте агенттік тілшісі министрден хостелдегі өртте азаматтары қайтыс болған Өзбекстан мен Пәкістан Елшіліктері Ғылым министрлігіне жүгінген не жүгінбегенін сұраған еді.
«Бізге жүгінген жоқ. Бірақ, үкіметтік комиссия жұмысы аясында Сыртқы істер министрлігі арқылы байланыстың бар екендігі анық. Мүрдені жеткізуге қатысты барлық іс-әрекет, бүкіл хаттамалық және процедуралық жайттар толығымен орындалды. Біз барлық шығынды өз мойнымызға алдық. Бізге шағым түскен жоқ», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар ол еліміздегі барлық хостелдерді тексеру мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берді.
«Заңнамалық нақты талап бар. Жеке компанияларды тексеруге мораторий жарияланған. Барлық хостел жеке ұйым саналады. Сондықтан да үкіметтік комиссия аясында бұл талаптарды қалай айналып өтуге қатысты немесе қалай дегенде де тексеру жүргізу бойынша қандай да бір шешім қабылданып қалар. Бұл ретте заңнама талаптарын қатаң ұстану қажет», - деді министр.