HRANA: Иранда болған оқиғалар кезінде 6 961 адам қаза тапқан

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM - Иранда наразылық акциялары аяқталғанына қарамастан, HRANA қаза тапқандар мен ұсталғандар туралы деректерді тіркеп, жаңартып жатыр, деп жазады Анадолы.

Экономикалық қиындықтар аясында 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталып, 8–9 қаңтар күндері қауіпсіздік күштері тарапынан күшпен басылған Ирандағы наразылықтар барысында қаза тапқандар саны 6 961 адамға жетті. Бұл туралы АҚШ-та орналасқан «Ирандағы адам құқықтары жөніндегі белсенділер» ақпарат агенттігі (HRANA) хабарлады.

Вирджиния штатында орналасқан HRANA агенттігінің мәліметінше, елде наразылық акциялары тоқтағанымен, жаңа өлім-жітім мен ұстауларға қатысты деректерді тіркеу жұмысы әлі де жүріп жатыр.

Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, Иранның әр өңірінде өткен наразылықтар және олармен байланысты қақтығыстар кезінде 51 591 адам ұсталған. Қаза тапқандардың жалпы саны — 6 961 адам, оның 214-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.

Сонымен қатар HRANA тағы 11 730 жағдай тексеру сатысында тұрғанын мәлімдеді. Екі күн бұрын агенттік қаза тапқандар санын 6 955 адам деп бағалаған болатын.

Ирандағы наразылықтар

Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда Тегеранда, атап айтқанда Үлкен базар аумағында басталды. Ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне қарсы шыққан саудагерлер акциялардың бастамашысы болды.

Кейін наразылықтар бүкіл ел аумағына тарады. 8 қаңтар күні ел астанасында акциялар қақтығысқа ұласып, билік интернетке қолжетімділікті шектеді. 8–9 қаңтар аралығында қауіпсіздік күштері араласып, наразылықтарды күшпен басты.

Иранның Шахидтер мен ардагерлер істері қоры 21 қаңтардағы мәлімдемесінде Сот-медициналық институт деректеріне сүйене отырып, 3 117 адамның қаза тапқанын хабарлады. Олардың қатарында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар бар.

Ресми мәліметке сәйкес, олардың 2 427-сі биліктің айтуынша «қарулы террористік топтар» қолынан қаза тапқан қауіпсіздік қызметкерлері мен бейбіт азаматтар. Ал 690 адамның өліміне қатысты нақты ақпарат берілмеген.

Осыған дейін Ирандағы наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар саны 5 137 адамға жеткені туралы аздық.