Христиандықтың жоғары идеялары достықтың, бейбітшілік пен келісімнің нығаюына септігін тигізе беретіндігіне сенімдімін - Ержан қажы Малғажыұлы

АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша қазақстандықтарды Рождество мейрамымен құттықтады.

Бас мүфти Қазақстанның барша мұсылмандары және өз атынан еліміздегі православ діндарларын Иса пайғамбардың туған күнімен құттықтап, бүгін отандастарымыз бүкіл әлемдегі миллиондаған христиандар сияқты Рождество мейрамын атап өтіп жатқандығын, бұл шуақты мерекенің 2 мыңнан астам жылдық тарихы бар екендігін баса айтқан.

«Христиандықтың жоғары идеялары әр кезде де біздің жеріміздегі достықтың, бейбітшілік пен келісімнің нығаюына, сенім мен рухтың салтанат құруына өз септігін тигізе беретіндігіне сенімдімін. Қазақстан жеріндегі ислам мен православиенің көп жылдарға созылған мығым одағы жастарды отбасылық құндылықтар мен отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл алатындығы қуантады», - делінген құттықтауда.

Сондай-ақ Ержан қажы Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының, сындарлы шешімдерінің арқасында көпұлтты Қазақ жерінде бейбітшілік, тыныштық пен келісім орнап отырғандығын ерекше атап өткен.