Хун Бин: Silk Way Star бізді бір үлкен отбасына айналдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Silk Way Star» халықаралық вокалдық байқауының финалдық қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Шарада қытайлық қазылар алқасының мүшесі Хун Бин биылғы жобаның мәдени мәні мен болашақ жоспарлары туралы пікірімен бөлісті.
Хун Биннің айтуынша, ол байқаудың басынан бастап CCTV таныстырған бағдарламаға қатысып, жобаның жай ғана ән сайысы емес, түрлі елдер мен этностардың мәдени жақындасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін терең сезінген.
— Биылғы маусымда эфир арқылы да, көптеген кезеңдер арқылы да әрбір қатысушыны жақсы танып алдық. Финалда біз тек дауыстың мықтылығын бағалаған жоқпыз. Ең бастысы — әр ұлттың мәдениетін қабылдау, өзара түсіністік және қатысушылардың бір-біріне деген бауырмал ниеті болды. Бұл байқау бізді үлкен бір отбасына айналдырды, — деді ол.
Сонымен қатар Хун Бин өзінің Қазақстанмен байланысын еске алды. Ол жұбайымен бірге алғаш рет 1997 жылы Қазақстанға келіп, «Voice of Asia» халықаралық байқауына қатысқан. Сол жылы оның жұбайы әнші ретінде үшінші орын алған.
— Осы оқиға Қазақстанға деген алғашқы әсерімді қалыптастырды. Арада отыз жылға жуық уақыт өткен соң қайта оралу — мен үшін ерекше сезім, — деп атап өтті ол.
Қытайлық қазылар алқасының мүшесі келесі жылы Қытайда осыған ұқсас байқау ұйымдастырылатынын хабарлады. Оның айтуынша, жоба ауқымы бұдан да кеңейіп, Қазақстанда жинақталған тәжірибе толық ескерілетін болады.
— Келесі жылғы жобада музыкалық директор ретінде жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және зор қуаныш. Біз Қытайда да жоғары деңгейдегі халықаралық мәдени іс-шара өткізуді мақсат етіп отырмыз, — деді Хун Бин.
Еске салсақ, кеше Астанада «Silk Way Star» халықаралық жобасының гранд-финалы мәресіне жетіп, Мишель Джозеф (Моңғолия) жобаның жеңімпазы атанды.