Хуситтер АҚШ-тың әуе тасымалдаушы кемесіне төртінші рет шабуыл жасады

Фото: Фото: x.com / @army21ye

АСТАНА. KAZINFORM –  Йемендік топтың өкілі Израильдің шабуылдары мен Газа секторындағы блокада тоқтағанға дейін соққыларды күшейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Сәрсенбі күні йемендік хуситтер Қызыл теңізде АҚШ-тың әуе тасымалдаушы кемесіне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл – 72 сағат ішінде АҚШ әскери кемелеріне жасалған төртінші соққы.

Хуситтердің өкілі Яхья Сари операцияға АҚШ-тың әуе тасымалдаушы тобына бағытталған «бірнеше қанатты зымыран мен дрон» жұмылдырылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл АҚШ-тың Йеменге жоспарлаған шабуылын болдырмауға көмектескен.

— Бұл операция өз мақсатына сәтті жетті, — деді Сари әлеуметтік желілерде жарияланған мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, ол «АҚШ агрессиясы» Йеменнің палестин халқына «берік» қолдау көрсетуіне кедергі болмайтынын және Израильге шабуылдар Израиль күштері Газа секторына жасаған соққыларын тоқтатқанша күшейе түсетінін айтты.

Қазіргі уақытта АҚШ әскери өкілдері бұл мәлімдемеге қатысты түсініктеме берген жоқ.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы сәрсенбі күні Йеменге жасалған шабуылдардың жалғасып жатқанын растады. X әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламада АҚШ «Иран қолдайтын хусит-лаңкестеріне қарсы үздіксіз операциялар жүргізіп жатқаны» айтылған.

Йемендік БАҚ АҚШ-тың соңғы сағаттарда елдің бірнеше аймағына, соның ішінде Саада мен порттық Ходейда қаласына соққы жасағанын хабарлады.

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ армиясына йемендік хуситтерге қарсы әрекет бастауды тапсырғаннан кейін, Йеменге бірқатар әуе соққысы жасалды. Нәтижесінде 53 адам қаза тауып, 98 адам жараланды.

Сейсенбі күні хуситтер Израильге қарай зымыран атты. Бұл 19 қаңтардан бері алғаш рет болды, сол кезде ХАМАС пен Израиль күштері арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалған еді.

Хуситтердің зымыраны Израильдің Газа секторына күтпеген шабуылынан бірнеше сағат өткен соң ұшырылды. Бұл шабуыл кезінде атысты тоқтату бұзылып, 400-ден астам палестиндік қаза тапқан.

Израиль хуситтердің зымыранын ел аумағына жетпей тұрып атып түсіргенін мәлімдеді. Ал Яхья Сари көп ұзамай хуситтердің Негев шөліндегі Неватим израильдік авиабазасына «Палестина-2» баллистикалық зымыранымен соққы жасағанын айтты. Сондай-ақ, ол Израиль Газа секторына әуе шабуылдарын тоқтатпаса, алдағы сағаттар мен күндері шабуылдарын кеңейтетінін ескертті.