Euronews Йемендегі әскери дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, хуситтер күштері бұған дейін елдің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметінің бақылауында болған Моха қаласына кірген.
Басылымның мәліметінше, тамыз айының басынан бері қалаға қарқынды шабуыл жасалған. Бірнеше күн ішінде қалаға 25-тен астам зымыран ұшырылып, соның салдарынан порттың жұмысы тоқтатылған. Алайда Йемен билігі әзірге Моханың хуситтердің бақылауына өткенін ресми түрде растаған жоқ.
Euronews әскери дереккөзге сілтеме жасап, хуситтердің Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігіндегі Зукар аралын зымыран соққылары мен катерлер қолданылған жерүсті операциясы нәтижесінде басып алғанын да хабарлады.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, хуситтердің келесі нысаналары жағалаудағы Дхубаб қаласы мен Перим аралы болуы мүмкін. Euronews сонымен қатар Баб-эль-Мандеб бұғазы маңында орналасқан Перим аралына хусит жасақтарының түскені туралы расталмаған ақпарат тарағанын атап өтті.
Қозғалыс Қызыл теңіз бен Суэц каналы арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын теңіз дәлізіне бақылауын күшейтуді көздейді. Жарияланымда Баб-эль-Мандеб бұғазы Ормуз бұғазымен қатар әлемдік сауда мен мұнай тасымалы үшін аса маңызды екені айтылған.
Йемен билігі бұған дейін хуситтердің жағалаудың осы бөлігін бақылауға алуға әрекет жасауы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен.
Euronews Йемен Ұлттық қарсылық күштерінің өкілі Садек Дуаидтың сөзін келтіреді. Ол бұған дейін Мохаға жасалған шабуылдар Баб-эль-Мандеб аймағында тірек базасын құру стратегиясының бір бөлігі болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Шабуыл аясында әскери қақтығыстар да шиеленісіп келеді. Хуситтер өткен аптада Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштерге қарсы ауқымды шабуыл бастады.
Басылымның мәліметінше, хуситтер Сауд Арабиясының аумағына да соққы жасаған. Бұған жауап ретінде Эр-Рияд қозғалыс бақылауындағы аудандарға шабуылдарын күшейтті.
Бұған дейін Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері Йемендегі хуситтердің Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Хамис-Мушайт, Абха және Жизан қалаларына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасағанын хабарлаған.
Айта кетелік Йемен үкіметінің әскері хуситтерге қарсы шабуыл бастағаны туралы жазған едік.