Хуситтер Сауд Арабиясы Йеменге 37 рет әуе соққысын жасағанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясының әскери-әуе күштері соңғы тәулікте хуситтер бақылауындағы Йемен аумағына 37 рет әуе соққысын жасаған. Шабуылдардан бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар, деп хабарлайды ТАСС агенттігі .

Фото: Анадолы

«Ансар Аллах» қозғалысының ресми өкілі Яхья Сариа әуе шабуылдары кезінде Хамис-Мушайт қаласының маңында орналасқан F-15 жойғыш ұшақтары пайдаланылғанын хабарлады.

Сауд Арабиясының әскери-әуе күштері соңғы тәулікте Йеменнің «Ансар Аллах» (хуситтер) қозғалысының жасақтары бақылауындағы аумағына 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Бұл туралы қозғалыстың ресми өкілі Яхья Сариа мәлімдеді.

– Өткен 24 сағат ішінде Сауд Арабиясының әскери авиациясы Йемен аумағына 37 әуе соққысын жасады, – деді Сариа.

Оның сөзін Saba агенттігі таратты. Айтуынша, шабуылдарда Хамис-Мушайт қаласының маңында орналасқан F-15 жойғыш ұшақтары қолданылған. Сонымен қатар ол Таиз және Хадджа провинцияларындағы нысандардың бомбаланғанын айтты.

Сарианың мәлімдеуінше, Сауд Арабиясының шабуылдары салдарынан бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сауд Арабиясы Мекке маңында хуситтердің дронын қағып түсіргенін мәлімдеді. Ал Өзбекстан хуситтердің Меккеге бағытталған шабуылын айыптады.