Оның айтуынша, шешім бірден күшіне енді. Хуситтер мұны Сауд Арабиясы Йеменге қарсы теңіз, әуе және экономикалық блокаданы жалғастырып отыр деген уәжбен түсіндірді.
– Йемен Қарулы күштері «көзге – көз» қағидаты негізінде Сауд Арабиясына қарсы теңіз эмбаргосын жариялайды. Бұл шешім мәлімдеме жарияланған сәттен бастап күшіне енеді, – деді Яхья Сари.
Мәлімдемеде қозғалыс «блокадаға – блокадамен, кез келген шиеленіске – шиеленіспен жауап беретінін» атап өтті.
Сондай-ақ хуситтер кез келген жағдайға дайын екенін мәлімдеп, өз жақтастарын жалпы жұмылдыруды жалғастыруға шақырды.
Кейін қозғалыс өкілі Абдул Салам Салах жарияланған блокаданың мақсаты Сауд Арабиясын Йеменнің әуежайлары мен теңіз порттарына қойылған барлық шектеуді толық алып тастауға, елге өзінің табиғи ресурстарын еркін пайдалануға мүмкіндік беруге және қозғалыстың ұсталған жақтастарын босатуға мәжбүрлеу екенін айтты.
Әзірге Сауд Арабиясы хуситтердің мәлімдемесіне ресми жауап берген жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, егер Баб әл-Мандеб бұғазы жабылатын болса, Сауд Арабиясының Азия елдеріне мұнай жеткізуі тоқтап, әлемдік мұнай ұсынысы шамамен 7 пайызға қысқаруы мүмкін.
Айта кетейік, өткен аптада хуситтер Сауд Арабиясын Сана әуежайына жасалған шабуылға қатысы бар деп айыптап, Абха халықаралық әуежайына соққы жасады.