Басылымның мәліметінше, хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари әлеуметтік желідегі X парақшасында жариялаған мәлімдемесінде шабуылдың нысанасы Йемен шекарасына жақын орналасқан Шарура қаласындағы әскери база болғанын айтты. Хуситтердің мәлімдеуінше, бұл база оларға қарсы соққы жасау үшін пайдаланылған.
Сари Шарурадағы базадағы қару-жарақ қоймаларына, сондай-ақ командалық және басқару орталығына көп мөлшерде баллистикалық зымыран мен дрон арқылы шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Хуситтердің әскери өкілі Сауд Арабиясына бағытталған шабуылдарды ел аумағының ішкі бөлігіне қарай «кеңейтіп, күшейтетінін» ескертті.
Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясының Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операцияларына жауап ретінде топ Сауд Арабиясының шекара маңындағы аудандары мен оңтүстік провинцияларына тұрақты түрде соққы жасап келеді.
Аймақтағы әскери және стратегиялық маңызы бар нысандар Йемен аумағынан ұшырылатын дрондар мен баллистикалық зымырандардың шабуылына оқтын-оқтын ұшырайды.
Бұған дейін хуситтердің мұнай мен жүк тасымалының маңызды бағытындағы аралды басып алғаны хабарланған.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы бастаған коалиция күштері Йемендегі хуситтердің Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Хамис-Мушайт, Абха және Джазан қалаларына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасағанын мәлімдеген болатын.