ХВҚ-ның Алматы орталығы Қазақстанға қандай пайда әкеледі

Фото: golosameriki.com

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміз Халықаралық валюта қорының Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына 5 жылда 20 млн доллар қаржы құйды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы» Заңның жобасы аралып отыр.

Құжатты талқылау барысында депутат Ұласбек Сәдібеков Ұлттық банк басшысынан: «Ұсынылған материалдарда Халықаралық валюа қорының Әлеуетті дамытудың өңірлік орталығы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне қызмет көрсететіні, мемлекеттік органдарды оқытумен, талдаумен, әлеуетін арттырумен айналысатыны көрсетілген. Осыған байланысты бұл орталықты Алматыда орналастыру Қазақстанға нақты қандай артықшылық береді? Сондай-ақ орталықты орналастыру кезінде Қазақстан өзіне қандай міндеттемелерді алады? Мәселен, қаржылық, инфрақұрылымдық, ұйымдастырушылық және бұл ұзақ мерзімді ме?», - деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген Ұлттық банк төрағасы алдымен еліміздің қаржылық міндеттемесіне тоқталды. 

- Осы 5 жыл ішінде орталықты қаржыландыруға бағытталған қаражат көлемі 48 млн доллар болды. Оның ішінде Қазақстан үлесі - 20 млн доллар, яғни жылына орта есеппен 4 млн доллар, ал қалғанын әріптестер мен қордың өзі қаржыландырды. Әр 5 жыл сайын қаржылық жоспар келісіліп, бекітіледі. Осы жылдың соңына дейін әрітестермен және қормен ақылдасып, келісіп, жаңа қаржы жоспарын бекітеміз, - деді ол.

Сонымен қатар Тимур Сүлейменов аталған орталықтың елімізге пайдасына да жеке тоқталды. 

- Ең бастысы әрине, жоғары білікті қаржы және экономика мамандарын оқытуға мүмкіндік болады. Енді біз Вашингтон, Вена қаласына бармай, ең үздік халықаралық тәжірибеге, білімге қол жеткізе аламыз. Бұрын бюджет ақшасын пайдаланып баратынбыз. Енді Алматы қаласында осындай орталық бар. Ең бастысы 9 елдің арасында Алматы қаласы таңдалды. Орталық Қазақстанның қаржы хабы рөлін, халықаралық беделін арттырады деген сеніміміз бар, - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.