І Халықаралық бокс форумы: Головкинге «Жыл боксшысы» атағы берілді
Қазақстандық танымал спортшы «Жыл боксшысы» атағын иеленді. Ал жылдың үздік бапкері атағы Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санческе берілді.
Аталмыш форумға Головкиннен басқа елімізден Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қатысты.
Форум аясында төрешілер семинарлары мен кәсіпқой бокс халықаралық ұйымдарының директорлар кеңесі, олимпиада чемпиондарының қатысуымен дөңгелек үстелдер және шеберлік сабақтар өтеді.
Шарадағы басты мәселелердің бірі - әуесқой және кәсіпқой боксты жақындастыру мүмкіндігі. Бұл мәселе 2 ақпанда қазақстандықтардың қатысуымен өтетін сессияда талқыланбақ.
«Олимпиада боксының кәсіпқой бокс сияқты жанкүйерлері көп және коммерциялық әлеуеті жоғары. Біздің міндетіміз - осы әлеуетті жетілдіріп, әуесқойлар мен кәсіпқойларды жақындастыру. Таяу жылдары оған да бірлесіп қол жеткіземіз деп ойлаймын. AIBA-ның алғашқы қадамы жасалды», - деп атап өтті Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов.
Форум 4 ақпанға дейін жалғаспақ. Сенбі күні Сочидегі Мұз сарайында бокс кеші өтеді. Бұл кеште Дүниежүзілік бокс суперсериясының ресейлік Мұрат Гассиев пен кубалық Юниер Дортикос арасындағы финалдық кездесуі болады.