Елдегі сот төрелігі жүйесінің дамуы қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де салаларды жаңғыртудағы басымдыққа ие факторлардың бірі болып табылады. Себебі, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз қорғау, азаматтардың құқықтар мен бостандықтарының тиімді қорғалуын жүзеге асыру сот органдарының негізгі міндеті болып табылады. Дәл осы міндет, өз кезегінде, судьялардан жоғары білім мен өмірлік тәжірибе, ар-ождан ұстанымы мен заңды дұрыс қолдану дағдыларын талап етеді.
Жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру үшін сот жүйесінің кадрларын даярлау бағытындағы талаптардың артуы елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформалардан туындап отыр.
Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес болашақ судьяларды даярлау мен оқытудың баламалы екі жолымен жүзеге асырылып келеді: біріншісі - мамандандырылған магистратура, екіншісі - біліктілік емтиханын тапсыра отырып, соттарда тағылымдамадан өту. Осы ретте мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған тұлғалар тағылымдамадан өтуден босатылатындығын атап өткен жөн.
2004 жылдан бастап мамандандырылған магистратурадағы оқыту процесін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты жүзеге асырып келді. Осы кезең ішінде аталған магистратураны 585 адам бітіріп шықты. 2006 жылдан бастап 290 магистр судья болып тағайындалған. Қазіргі таңда жергілікті соттарда магистратураның 254 түлегі судья болып қызмет атқарса, оның 7-еуі - аудандық және мамандандырылған соттардың төрағасы, 4-еуі - облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеуде.
Осы орайда Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік тапсырыс есебінен оқып, құқық магистрі дәрежесін алғандардың жартысынан астамы судья болған жоқ. Сондықтан да жай ғана құқық магистрін емес, болашақ судьяларды мақсатты түрде даярлайтын жоғары оқу орнын құру қажеттігі туып отыр.
Судьялыққа үміткерлерді бейінді оқытумен айналысатын оқу орындары әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда, Францияда, Түркияда, Италияда, Испанияда, Литвада, Чехияда, Канадада, Жапонияда бар. Осы орайда көптеген елдерде болашақ судьяларды даярлайтын мамандандырылған оқу орындары айрықша мәртебеге ие және жоғары сот органының жанында құрылған.
Ұлт Жоспарына сәйкес сот жүйесінің кадрларын даярлайтын жоғары оқу орнын жоғары сот органының қарамағына беру сот қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге және оны жоғары сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес айрықша мәртебеге ие Сот төрелігі академиясы судьялық кадрларды даярлауда оқу, ғылым және әдістемелік салалары бойынша негізгі қағидаларды әзірлеп, енгізе алады, мамандарды даярлаудың жаңа бағыттарын айқындайды, оларды оқытудың мерзімдері мен түрлерін белгілейді. Осылайша, Академия оқытудың мазмұны мен оқыту қызметін ұйымдастыруды дербес жүзеге асырады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жалпы оқыту бағдарламаларын іске асыру, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, оларды қайта даярлау, сондай-ақ ғылыми қызметті жүзеге асыру Сот төрелігі академиясының негізгі бағыттарына жатады. Академия қызметінің әрбір бағытын жекелеген институттар атқаратын болады.
Бұдан былай заң ғылымы, білім беру мен сот практикасы секілді құрамдас бөліктердің өзара байланысы судьялық кадрларды даярлаудың іргетасын құрайтындығын атап өткен жөн.
Судьялар корпусының кәсіби деңгейіне қазіргі заманның қоятын талабы күн өткен сайын артып келеді, соған сәйкес болашақ судьяларды даярлау ең жоғары стандарттарға сәйкес келуі керек.
Жоғарғы Сот болашақ судьяларды даярлаудың әлемдік тәжірибесін зерделеді. Сот төрелігі институтының білікті профессорлық-оқытушылар құрамының сабақтастығын сақтай отырып, әрбір оқытушының жаңа талаптар мен стандарттарға сәйкестігі жағдайында оқыту процесін негізінен француз тәжірибесі бойынша жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жүйеге сәйкес, болашақ судьялар аудиториядағы теориялық оқумен қатар, соттарда тағылымдамадан өтетін болады.
Академияның профессорлық-оқытушылар құрамын қалыптастыруда білім беру қызметін лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптары ескерілді. Теория мен тәжірибенің өзара байланысын күшейту мақсатында Академиядағы сабақтарға жұмыс істеп жүрген судьяларды тарту көзделіп отыр. Мұндай тәсіл өз кезегінде судьялар корпусы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға кепіл болып табылады.
Академияның оқу бағдарламасы магистранттардың сот төрелігін жүзеге асырудың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оқудың екінші жылы ішінде магистратура тыңдаушылары аудандық соттарда практикадан өтетін болады. Олар соттарда процесті жүргізу өнерін, процестік құжаттарды құру дағдысын меңгеретін болады. Академияда оқу кезеңінде магистранттардың шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігінің қарастырылуы олардың білімін тереңдетуге жасалған мүмкіндік болып табылады.
Сот төрелігі академиясы жұмыс істеп жүрген судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттырумен және қайта даярлаумен айналысатын болады. Академия қызметінің бұл бағыты маңызды болып табылады, себебі оқу процесінің үздіксіз жүргізілуі сот жүйесіндегі білім берудің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.
Сот төрелігі академиясының өзіндік ғылыми зерттеулерді жүргізуі ғылым, оқыту және практика арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз етеді, республикадағы судьялар кадрларын даярлау мен қайта даярлау бағытындағы ғылыми базаның негізін құрайды. Осылайша, отандық жоғары білікті судьялар корпусын даярлаудың іргелі негізі қалыптасты деуге болады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот төрелігі академиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының Жарлығынан туындайтын жұмыстарды жүзеге асыруда: Академия жарғысының жобасы әзірленді, оқу орнының қызметін лицензиялауға қажетті іс-шаралар жүргізілуде, сондай-ақ оқуға қабылдау ережесі әзірленуде.
Магистратура түлектері біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін судья лауазымына арналған конкурсқа қатыса алады. Магистратурадағы оқуды аяқтаған және судьялық лауазымға емтихан тапсырған тұлғалар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес судьяларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Қорыта айтқанда, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген судьяларды оқыту мен тәжірибе арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы жұмыстардың жемісті жүргізілуі еліміздегі білікті судьялар корпусын қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың тиімділігін артыра отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ілияс Испанов,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы