Оның сөзіне қарағанда, Астана қаласы аумағының жер көлемі 71 мың гектар. Бірақ, Үкіметтің шешімі бойынша іргелес тұрған екі облыспен келісе отырып, қаланың төңірегінде орналасқан 80 ауыл есепке алынды.
«Қаладан 60 шақырым қашықтықтағы 80 ауылда 156 мың адам тұрады. Алайда олардың кейбірі Қарағанды облысына, ал кейбірі Ақмола облысына қарайды. Оларды қазір коммуникациямен, жолмен, әлеуметтік мәселелермен, яғни балабақшамен қамтамасыз ету менің құзырымда емес. Бұл екі облыстың шаруасы. Мен оларды ысырып тастап отырған жоқпын, өйткені ауылдарда тұратын халықтың барлығы Астанада жұмыс істейді. Көбісі қалада балаларын оқытып, денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір бұл ауылдарда халық саны 156 мың болса, орта есеппен 250 мыңға дейін өсуіне жағдай болады»,-деп тоқталды әкім.
Оның сөзіне қарағанда, Астанаға қосылған 20 ауыл бар. Осыдан үш жыл бұрын мәслихат қабылдаған шешімге сәйкес, аталған ауылдардың күрделі мәселелерін шешу назарға алынды.
«Бүгінде 6 ауылдағы мәселелер толықтай шешілді, ал басқаларында қаражатқа байланысты жұмысымыз жүріп жатыр. Сондықтан біздің алдымызға қойып отырған міндет, қалаға қосылған 20 ауылдағы қордаланған мәселелерді шешу. Қалған ауылдардағы проблемалар облыстың жағдайына байланысты»,-деді И. Тасмағамбетов.