И.Тасмағамбетов «Астана қаласының құрметті әкесі» атанды

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан педагогтарының Тамыз кеңесі барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Әкелер одағының құрамына қабылданды.

Іс-шара барысында сөз алған «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Жұматаев атап көрсеткендей, соңғы кездері қоғамда «Әке тек отбасының асыраушысы ғана» деген қате түсінік қалыптасып келеді. «Бірақ бұнымен оның бала тәрбиелеу жолындағы рөлі шектелмейді. Әке инженер, дәрігер, ақын, саясаткер, кәсіпкер және қарапайым жұмысшы болуы мүмкін. Бірақ оның қоғамдағы негізгі рөлі - өз балаларына үлгі болып, тәрбиені үнемі қадағалап отыру», - дейді Қ.Жұманов. Осы сөздерден кейін ұйым басшысы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке арнайы белгі тапсырып, оның «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің құрамына қабылданғандығын жария етті. «Рахмет, айналайын! Бірақ мен әкеден гөрі ата дегенге жақын адаммын. Дегенмен, алғысым шексіз, еңбектеріңізге рахмет», - деді қала әкімі өз сөзінде.

Айта кетейік, 2011 жылы Астанадағы №59 мектеп-лицейінде «Әкелер кеңесі» жобасының қанатқақты үлгісі іске асырылған болатын. Бір жылдан кейін www.ake.kz сайты ашылды. Ал ағымдағы жылы мамыр айында II Әкелер слеті ұйымдастырылып, онда бала тәрбиесінің өзекті мәселелері талқыланды. Онда «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылданды.