И.Тасмағамбетов автоматты жылыту жүйелерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етпей кеткен мердігерлерді сотқа беруді тапсырды

None
СТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінде автоматты жылыту жүйелерін орнатпаған, не болмаса оларды соңына дейін жабдықтамаған мердігерлерді сотқа беруді тапсырды.

Бүгін Астана қаласының әкімдігінде 2010-2011 жылдарғы жылу маусымына дайындық бойынша кеңес өтті.

Кеңес барысында Сарыарқа ауданы бойынша тұрғын үйлердің алдағы қысқа дайындығы туралы есеп берген Сәбила Мұстафина, ауданда 839 көпқабатты тұрғын үйдің 41-і тәуелсіз жылыту жүйесі бойынша істеп тұрғанын, оның 28-індегі ақаулықтар «Астана жылутранзит» АҚ-ның көмегімен жойылғандығын айтты.

«Мердігерлер автоматты жылыту жүйелерін орнатпай кеткен, не болмаса оларды соңына дейін жабдықтамаған бірқатар проблемалы үйлер де бар. Осыған орай, пайдалануға берілген үйлердің тұрғындары үлкен қиындықтарға тап болып отыр», - деп атап өтті ол.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, «Грант Алатау» тұрғын үй кешені өткен қыстан қолмен жабдықталған жүйенің арқасында шыққан. «Осы және бірқатар тұрғын үйлер бойынша дайындық куәліктері биыл да қолға тимейін деп отыр. Себебі, соңына дейін орнатылмаған автоматты жылыту жүйесі бұл куәлікті алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, қала тарапынан қаржылық қолдаусыз аталмыш тұрғын нысандардағы проблемалар Пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың күшімен шешілмейді», - деді ол.

Өз кезегінде Астана қаласының әкімі, егер проблема мердігер әу бастан жүйені толығымен жабдықтамай кеткенде болса, ол проблеманы сол мердігердің мойнына ілу керектігін қадап айтты.

«Егер ол жобада көрсетіле отырып, мердігер оған тиісті қаражаттарды салмаған болса, оны сотқа беру қажет. Ол үшін қала неліктен шығын шығаруы тиіс? Біз заң жүзіндегі барлық процедураларды өтуіміз керек. Себебі, бюджеттен қаражатты алу үшін оған сот шешімінің негізі керек. Сондықтан, еш кешіктірместен, сотқа құжаттарды дайындауды тапсырамын», - деді И.Тасмағамбетов.