И.Тасмағамбетов «Достық жауынгерi» халықаралық әскери жарысының жеңiмпаздарын марапаттады (ФОТО)

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi Иманғали Тасмағамбетов "Достық жауынгерi" атты VII халықаралық әскери шеберлiк жарысының жеңiмпаздарын марапаттады.

Жарыс Жамбыл облысына қарасты "Отар" 40-ыншы әскери базасында өткен болатын.

"Бүгiн - баршамыз үшiн ерекше күн. Әскери достық пен жауынгерлiк татулықтың, айбынды рух пен кәсiби шеберлiктiң мерекесi. Биыл бiздiң елiмiз"Достық жауынгерi" атты VII халықаралық әскери жарысты өткiздi. Бұл байқау әрбiр елдiң жеке құрамындағы әскерлердiң, келiсiмшартпен жұмыс iстер жүрген азаматтардың жауынгерлiк қабiлетiн шыңдайды. Басқаша айтсақ, қазiрi заманғы тұрақты әскердiң қалыптасып, дамуына ықпал етедi. Биылғы жарыс бұрынғы кеңестiк елдердiң барлығы атап өтетiн Жеңiстiң 70 жылдығы мейрамымен тұспа-тұс келуi де бекер емес. Бұл - бүкiл адамзаттың болашағы үшiн жан берген ардагерлер мен Отанын күзететiн бүгiнгi жауынгерлер арасындағы сабақтастықтың белгiсi",-дедi құттықтау сөзiнде И.Тасмағамбетов.

"Достық жауынгерi" атты VII халықаралық кәсiби әскерлер жарысына барлығы алты елдiң, атап айтсақ, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжiкстанның әскери қызметкерлерә қатысты. "Алты елдiң жауынгерлерi де нағыз кәсiби әскер екенiн дәлелдеп, нағыз әскери ұрыс өнерiн, шыдамдылық пен әскери рух танытты",-деп атап өттi И.Тасмағамбетов.

Сонымен, жеңiмпаздарға тоқталатын болсақ, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерiнiң әскерилерi бiрiншi орынды, Беларусь елiнiң жауынгерлерi екiншi орынды, Ресей Федерациясының әскерлерi үшiншi орынға ие болды. Жарыс шартына сәйкес, әскери шеберлiк жарысына әр елден 3 ер азамат және бiр бойжеткен қатысты. Мiне, Қазақстан намысын қорғаған кiшi сержанты Людмила Губарева "Эрудит" және "Үздiк жауынгер қыз" номинациялары бойынша бiрiншi орын иелендi. Ал, "Ең үздiк атлет жауынгер" номинациясында Орынбек Сәндiбеков, "Мерген" номинациясында аға сержант Рүстем Сәтжанов, "Кәсiпқой жауынгер" аталымында аға сержант Әмiржан Маушев жеңiске ие болды. "Достық жауынгерi" атты бас номинациясы бойынша да үш орынды Қазақстанның әскери қызметкерлерi жеңiп алған.